ДӘРІГЕРЛЕР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІН НАСИХАТТАУДА

ДӘРІГЕРЛЕР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІН НАСИХАТТАУДА
ПІБ Медициналық орталығына қарасты ұйымдар арасында өткен тоғызқұмалақ бойынша сайыста Совмин командасы үшінші орынды иеленді. Команда құрамында ангиохирург Бекарыс Төлемісов пен отоларинголог дәрігер Арман Мехмонов болды.
Бұл сайыстар салауатты өмір салтын ғана емес, қазақтың ұлттық ойындарын да насихаттайды. Тоғызқұмалақ ойынының тарихы 4 мың жылдан әріге кетеді. Қазір оны елімізде ғана емес, дүние жүзі бойынша көп адам ойнап жүр – бұл спорт түрінен Еуропа, тіпті әлем чемпионаттары да өтіп тұрады, компьютерлік нұсқасы да бар. Тоғызқұмалақты дала шахматы деп те атайды, өйткені ол да логиканы жетілдіріп, шыдамдылықты шыңдайды. Бұл ойынды Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов сүйіп ойнағаны белгілі.
Ал тоғызқұмалақтан алғашқы ресми чемпионат 1948 жылы жазушы Мұхтар Әуэзов пен халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың атсалысуымен ұйымдастырылған.

ДАНИЯЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР СОВМИН ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ДАНИЯЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР СОВМИН ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Совминде Даниядан келген дәрігерлер қонақта болып қайтты. Шетелдік әріптестер өз елінен бөлек, Африкадағы, Гренландиядағы дерматология саласын зерттеумен айналысады, енді ат басын Орталық Азияға тіреп, қазақ медицинасының қара шаңырағына келді.
– Біз Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмыз, бұл жақтың медицинасымен танысуды үздік ауруханадан бастауды ұйғардық. Бізге бәрі қызық: мұндағы жүйе қалай құрылған, дәрігерлердің деңгейі, олардың жұмыс ітейтін жабдығы. Жинаған деректерімізді ғылыми еңбектерімізде пайдаланбақпыз, – деді Олборг университеті жанындағы аурухананың бас ғылыми қызметкері Карстен Сойер Миккелсон.
Қонақтарға емхана, нейрохирургия, онкохирургия және соматика бөлімшелері таныстырылды. Соматикадағы бесжұлдызды қонақүй деңгейіндегі палаталар ғалымдарға ерекше әсер қалдырды – медицинасы үздік саналатын елдің өкілдерін таң қалдыру оңай емес.
Данияда денсаулық саласына ЖІӨ-нің 10,4%-ы жұмсалады, медициналық қызметтердің дені тегін. Сәйкесінше мемлекеттегі орташа өмір сүру ұзақтығы Еуропа Одағындағы орташа көрсеткіштен асады – 81,3 жас. Әлемнің жетекші медицинасының өкілдері Ұлттық госпитальдің жұмысына жоғары баға берді.

 

Әсемкүл Байкенова – алдыңғы шепте жүрген терапевт

Әсемкүл Байкенова – алдыңғы шепте жүрген терапевт. Емханаларда істеп келе жатқанына 11 жылдан асты, оның жартысын Совминге арнаған. Бұл қиын мамандықты Әсемкүл адамдарды емдеу үшін ғана емес, алдын алу үшін таңдаған.

– Дәріге рецепт жазып, науқастардың диагнозын анықтаудан бөлек, мен пациенттеріммен көп әңгімелесемін, оларды тыңдаймын. Дұрыс тамақтанып, денені шынықтырудың маңызы туралы айтамын, ауырғаны басылу үшін қандай жаттығу жасау керегі туралы кеңес беріп, тіпті спорт клубын таңдауға көмектесемін. Менің учаскемде егде жастағылар көп, ең үлкені 101 жаста. Олардың бәрі белсенді – жаяу көп жүреді, жүзеді, тіпті марафондарға қатысады.

Сұхбатымыз жазылған күні Әсемкүл Саятқызы шақыртқан науқастарға да барып, емханада 15 пациентті де қабылдап үлгерді – бұл бер жағы ғана, өйткені тұмау маусымы басталған шақта олардың саны әлдеқайда көп болады.

– Кейде дәрігердің жай ғана келіп, әңгімелескені де адам үшін медеу. Жылы сөз науқастың жағдайы жақсаруы тездетеді. Пациентімнің айығып, қолына гүл алып алғыс айтуға келгені мен үшін зор қуаныш. Сондай сәттерде мамандықты дұрыс таңдағаныма көзім жетеді. Оған сеп болған менің әжем мен атам еді, дәрігерлікке солар ұзақ өмір сүрсе екен деп келген едім. Қазір басқа да кісілерге көмектесіп жүрмін. Олардың басым көпшілігі егде жаста, дені сау болуы үшін аянбауға тырысамын. Ауруды емдегенше, ауырмаудың жолын іздеген дұрыс деген қағиданы ұстанамын, – дейді ол.

5 қыркүйекте Қазақтан Тілдер күнін тойлайды

5 қыркүйекте Қазақтан Тілдер күнін тойлайды. Дәл осы күні қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ілімінің негізін салған ғалым, ағартушы, ақын, публицист әрі аудармашы Ахмет Байтұрсынов дүниеге келген.
Тілдер күнінің мақсаты – қазақ тілін Қазақстанда тұрып жатқан этностар өкілдеріне насихаттау. Қазіргі күні олардың саны 100-ден асады.
Мемлекеттік тіл – ұлттардың ынтымағын нығайтып, еліміздің бірегейлігін сақтаушы күш.

ҚОСТАНАЙДА МИҒА АСА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАЛДЫ.

ҚОСТАНАЙДА МИҒА АСА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАЛДЫ.

Совмин дәрігерлері ҚР ПІБ ҚР Медициналық орталығының Қостанай қаласындағы күндері аясында тоғыз күрделі ота жасады.

Олардың бірі – гемифициал спазмын емдеу отасы. Бұл жүйке жүйесінің ауруы беттің бір жақ бұлшықеттерінің еріксіз және еш ауырмай тырысуымен сипатталады. Мұндай ауруға 1 миллионнан 8 адам шалдығады, олардың көбі – әйелдер. Ауырғаны сезілмесе де, бұл дерт өмірді қиындататыны түсінікті – құрысқан бет эстетикалық жағынан ыңғайсыздық туындатады. Спазм ми негізінің эктатикалық тамырлары бет жүйкетамырын қысып тастауына байланысты пайда болады, дәрігерлер мұны ми бағанынан шыққан бассүйек жүйке түбірінің іргелес тамырмен қақтығысы деп атайды. Совмин нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Саршаев жүйкеге түсетін қысымды азайту үшін арнайы миллиметрлік төсем орнатты, бұл процестің өзі 4 сағатқа созылды. Мұндай отаны басқа ешқандай емі болмағанда ғана жасайды.

 

– Операция миға жасалатындықтан күрделі, бұл асқан мұқияттылықты қажет етеді. Біз аса дәл микроскопты қолданамыз. Қалай дегенмен ота сәтті өтті, біз оны қостанайлық әріптестермен бірге жасадық. Тәжірибемізді бөліскенімізге қуаныштымыз, отаны жүргізген нейрохирургтардың ішінде менің талантты курстасым да болды, – деп бөлісті Марат Саршаев.

 

Жыл басынан бері біздің дәрігерлер ҚР ПІБ  Медициналық орталығының күндерінің аясында Қазақстанның бірқатар аймақтарында ондаған түрлі ота жасап үлгерді.

1 қыркүйек білім күні қарсаңында

1 қыркүйек білім күні қарсаңында СОВМИН қызметкерлерінің бірінші сыныпқа баратын бүлдршіндерін құттықтады. Биылғы жылы мектеп табалдырығын 44 бала аттайын деп отыр. Аурухана басшылары оларға жылы лебіздерін білдіріп, ең ірі кеңсе тауарлары дүкеніне сертификат табыс етті, бірінші сынып оқушылары ата-аналарымен бірге оқуға қажетті заттарын таңдап ала алады.

– Біз, анам екеуіміз осындай сыйлық алғанымызға өте қуаныштымыз, демалыс күндері міндетті түрде дүкенге барамыз. Анамның жұмыс орнында өте қызықты уақыт өткіздік, бізді құттықтап, бізге әдемі шарлар сыйлады. Мектептің  басталауын асыға күтемін, – деді кішкентай Дария Еркінбек. Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерімізге Ақ жол. Білім алып, өз жолдарын тауып,білікті маман болуға бұйырсын!

 

СОВМИН РЕСМИ ТҮРДЕ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛЬ АТАНДЫ

СОВМИН РЕСМИ ТҮРДЕ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛЬ АТАНДЫ

Бүгін ҚР Үкіметінің «Орталық клиникалық аурухана» акционерлік қоғамын ҚР ПІБ МО «Ұлттық госпиталі» ШЖҚ РМК деп өзгерту жөніндегі қаулысы шықты.

Қаулыға сәйкес, қайта құрылған Ұлттық госпиталдің құзіретті органы болып ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы, ал мекеменің негізгі қызметі – денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету деп белгіленді.

ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Ұлттық госпиталь мәртебесіне көшу – Совминканың медицина саласындағы ұстанымын нығайтатын және көрсетілетін қызметтердің сапасына ешқандай әсер етпейтін маңызды қадам екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл Медициналық орталықтың пациенттердің денсаулығына деген қамқорлықтың жоғары сапа стандарттарына ұмтылысының дәлелі.

«Аурухананың басты міндеті – пациенттерге сапалы қызмет көрсету. Совмин әрдайым отандық медицинаның көшбасшысы болған, кез келген заңды формада солай боп қалады», – деді аурухана басшысы Асхат Бралов.

Қосымша ақпарат алу үшін «ОКА» АҚ баспасөз қызметіне хабарласуыңызды өтінеміз: +77087157729

БІЗДІҢ МАМАНДАР ҚОСТАНАЙДА

БІЗДІҢ МАМАНДАР ҚОСТАНАЙДА

 

ҚР ПІБ Медициналық орталығының Қостанайдағы бірінші күні ОКА дәрігерлері 3 операция және бір презентация өткізді. Орталық күндері облыстық аурухана және көпсалалы онкологиялық ауруханада өтіп жатыр.

Гинеколог дәрігер Асқар Ыбыраев-Рысбеков лапароскопиялық гистерэктомия және миомэктомия, ал травматология бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Молдағалиев тізе буынын Stryker Triathlon протезімен ауыз омыртқаның айқыш байламын сақтай отырып эндопротездеу жүргізді. Операцияның барлығы ойдағыдай өтті.

Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Гауһар Исакова «Онкологиялық дертке шалдыққан науқастардың химиялық емдеу және оңалту кезеңінде асқазан бұзылуын емдеу» және «Онкологиялық пациенттерді нутритив қолдау» тақырыбында презентацияларын өткізді.

Қостанай өңірінің дәрігерлері пайдалы мол мағлұмат алып, тәжірибесіне енгізетін тәсілдерді үйренді.

Алдағы бірнеше күн тағы бірқатар күрделі ота жасалады.

СОВМИНДІКТЕР ТҮРГЕН САРҚЫРАМАСЫН БАРЫП ҚАЙТТЫ

СОВМИНДІКТЕР ТҮРГЕН САРҚЫРАМАСЫН БАРЫП ҚАЙТТЫ

 

Алматылықтар қай жерден қуаттанады? Иә, тау бөктерінде. Совмин ұжымы да өткен демалысты тау аясында өткізді. Кәсіби гид Ольга Костина Іле Алатауының кереметтері туралы, Алматы өлкесінің тылсым тарихынан және осы маңнан табылған Алтын адамның хикаясынан сыр шертті. Одан кейін саяхатшылар Түрген шатқалындағы теңіз деңгейінен 1500 м жоғары орналасқан Аюлы сарқырамасына көтерілді. Бұл сапардан әсер мен селфи молынан қалды – медиктер үшін жақсы тынығу маңызды.

 

– Біз көп жұмыс істейміз, жетістіктеріміз де аз емес, мұндайда сапалы демалып, ара-тұра жайлы ортада жайдарман уақыт өткізу керек. Тым биік болмаса да, бір асудан ұжыммен бірге өту де кәдімгідей қуаттандырады, – деп аурухана басшысы Асхат Бралов әріптестерін жол бойы ынталандырып отырды.

Айтпақшы, тауға аурухананың түрлі деңгейдегі басшылары бірге шықты, бұл – көне шаңырақтың ертеден келе жатқан дәстүрі.

 

– Өлкеміздің көз тоймас әсем жерлерінде бірге қыдыру сөзсіз шабыттандырады. Қаншама эмоция алдық, керемет сергіп қалдық. Осындай көңіл-күймен жылды да тамаша аяқтайтынымызға сенімдімін. Лайым мақсаттарымыз, армандарымыз, тілектеріміз іске ассын, ісіміз оңынан жүріп, ай-қуатты болайық, – деп лебізін білдірді сапар соңында вице-президент Данияр Аманғалиев.

Үйге қайтар жолда Совмин қызметкерлері осындай саяхаттарды бұдан да жиірек өткізу керек деп келісті.

СОВМИН ДӘРІГЕРЛЕРІ ҚОСТАНАЙҒА АТТАНДЫ

 

 

Орталық клиникалық аурухана дәрігерлері кезекті мәрте өңірлерге аттанды. Бұл жолғы ҚР ПІБ Медицина орталығының күндері Қостанайда өтпек – 21-24 тамыз күндері мұнда біздің үздік мамандарымыз аса күрделі операциялар жасайды.

ОКА травматология бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Молдағалиев тізе буынын эндопротездеу және тізе буындарының артроскопиясын өткізеді. Түрлі жарақаттан қимылы қиындаған адамдарды қалыпты өмірге қайтаратын бұл ота түрлері травматологияда кең таралған.

Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Саршаев Қостанайда үштармақты невралгия және бас ми ісігін микрохирургиялық жолмен алып тастау операцияларын жасайды.

Гинеколог дәрігер Асқар Ыбыраев-Рысбеков лапароскопиялық гистерэктомия және миомэктомия – жатыр мен миоманы жара қалдырмай алып тастау отасын жүргізеді. Миома – жиі тіркелетін дерт, бірақ дәрігерлер оны барынша аз тілікпен және әйел денсаулығына еш зардапсыз алып тастауды жүзеге асырады.

Гастроэнтеролог Гауһар Исакова онкологиялық дертке шалдыққан науқастардың химиялық емдеу және оңалту кезеңінде асқазан бұзылуын емдеуге қатысты кеңестерін бөліседі және онкологиялық пациенттерді нутритив қолдау жөніндегі ғылыми ізденістерінің нәтижелері туралы айтады.

ОКА ішкі аудит бақылаушысы Эльмира Забирова қаржылық анализ және еңбекақы есептеу жүйесін жасау бойынша кеңестерін ортаға салмақ.

Совмин дәрігерлері Президент Іс басқармасына қарасты басқа ведомстволардың мамандарымен бірлесіп Қазақстанның бірқатар өңірлерінде болып қайтқанын естеріңізге сала кетейік. Жыл басынан бері еліміздің үздік дәрігерлері Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Тараз, Көкшетау және Өскемен қалаларында операциялар өткізіп, ондаған адамның өмірін оңалтты, сонымен қатар, өңірлердегі әріптестермен заманауи емдеу тәсілдерін бөлісті.

Запись на онлайн консультацию

Доступна запись на онлайн консультацию!

Консультация платная.

Введите свои данные и в самое ближайшее время с Вами свяжется наш специалист для уточнения данных.

После Вам будет отправлена ссылка на страницу оплаты.